2021 жылдың 13-ші сәуір күні №1жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында «Талпыныс» жас маман мектебінің «Жаңа мектепке- жаңашыл ұстаз» тақырыбында жас педагогтардың мектепшілік айлығы басталды.
Темірден түйін түйген танымал шебер - зергер сияқты,
жанға дауа тапқан керемет емші – дәрігер секілді,
педагог та керемет шебер бола алады…
А.С. Макаренко
Қазіргі таңдағы білім беру саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – бәсекелестікке қабілетті, сұранысқа ие бола алатындай кәсіби маман, білікті педагог болу. Заманауи прогрессте әрбір білім ошағы мақсатқа жету үшін жас мамандарды үйрете отырып, заман талабына сай білімі жоғары, мәдениетті, өзіне деген сенімі мықты, азаматтық айқындамасы орнықты, кәсіптік білім деңгейі жоғары, жаңалыққа жаны құмар, тың шешім таба алатын ұстаздарды тәрбиелеуде.
Осы орайда 2021 жылдың 13-ші сәуір күні №1жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында «Талпыныс» жас маман мектебінің «Жаңа мектепке- жаңашыл ұстаз» тақырыбында жас педагогтардың мектепшілік айлығы басталды. Айлық барысында жас маманның теориялық білімін практикамен ұштастыра отырып кәсіби шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында «Жас маман сіз үшін!» тақырыбында мектепішілік семинар өткізілді. Мектепшілік жас мамандарға арналған семинарды өткізудегі мақсат айқын. Жас мамандарға оқушыларды тәрбиелеу, дамытуға бағытталған оқыту жұмысын ұйымдастыру мен іс-тәжірибедегі педагогикалық әдіс-тәсілдерді қолдануда кәсіби әдістемелік қолдау көрсету.
«Жас маман сіз үшін!» атты мектепішілік семинардың ашылуында мектеп директоры Бексұлтанова Мадина Болатовна сөз кезегін алып, жас мамандарға сәттілік тілеп, бүгінгі өтетін семинардан ұстаздық жолдарына үлкен тәжірибе алатындарын тілге тиек етті. Келесі кезекте мектеп психологы жас маман Олжабай Элнура Булатқызы өткізген «Менің кәсіби мамандығым» атты психологиялық тренингі ортадағы қарым-қатынасты, психологиялық ахуалды жақсы жағынан айқындай түсті. Директордың оқу ісі-жөніндегі орынбасары Маукебаева Гульфария Амановна «Жас маманды жан-жақты қалыптастыруда тәлімгер жұмысының маңыздылығы» тақырыбында жас мамандардың үздіксіз кәсіби дайындығын жақсарту жолындағы тәлімгер жұмысының маңыздылығы бойынша іс – тәжірибесімен бөлісті. Директордың ақпараттық ісі-жөніндегі орынбасары Касымова Нұрзада Қойшығұловна «Білім мен ізгілік мұратқа жеткізер» тақырыбында жас мамандармен зияткерлік сайыс өткізді. «Талпыныс» жас маман мектебінің жетекшісі Отарбаева Гульнур Аликқызы Жас маман сіз үшін! «Кәсіби құзіреттілік- ұстаз жеңісі» тақырыбында табысты сабақ жоспарын қалай құру керек екендігін түсіндіріп, баяндап берді. Республикалық портфолио байқауының жеңімпазы жас маман Сагдуллаева Умида Абдуалиевна «Жас келсе — іске» тақырыбында мұғалім портфолиосының электронды және қағазды форматта қалай жасалынатындығы жайлы шебер сабағын сәтті өткізді. Семинар соңында жас мамандар кері байланыс беріп, келешекте өздерінің жаңадан бастаған кәсіби еңбек жолдарын тиімді пайдаланатындықтарын айтып, алғыс білдірді.