10
май
2019
«Ең үздік кітап оқитып мектеп» байқауы
Білімнің түпсіз аспаны, терең бастауы, рухани қазына, байлық, өмір айнасы, замана сыры, тарих шежіресі, оқу - тәрбие құралы бұл теңеулердің барлығы бір ғана құндылыққа, яғни, кітапқа тән айтылған тіркестер. Иә, кітап – ғылым, ол бүкіл адам баласына ортақ бар білімнің, ғылымның көмбесі. Осы кітапты насихаттау – мектеп кітапханашысының міндеті. Кітапхана оқырмандарын рухани және интеллектуалды дамуына кітап оқу арқылы қызығушылығын арттыру, білім беру ұйымдары кітапханаларының кітапханаға келушілер санын ұлғайту, оқушылар мен жастар ортасында кітап оқуды тиімді насихаттайтын білім беру мекемелерін қолдау және мадақтау мақсатында, «Ең үздік кітап оқитын мектеп» атты аудандық байқауы болып өтті. Төрт бөлімнен құралған аталмыш байқауға 19 білім беру мекемелерінің кітапханашылары қатысты. Байқау қатысушылары «ХХІ ғасыр кітапханашысы» аталымы бойынша «Мен және менің мамандығым» тақырыбында өздерін таныстырса, «Кітапхана - оқырман елі» аталымында жазушылар кітаптарының электрондық презентациясы мен оқуға арналған «100 кітап» тізбесін насихаттау бойынша зерттеу жобаларын қорғады. Байқау нәтижесінде өзінің білімділігі мен ізденімпаздығын көрсете білген мектебіміздің кітапханашысы Мауленкулова Сарсекуль Анарбековна Бас жүлде иеленді. Шараны аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Гүлзира Ізбасарова қорытындылап, байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.