Сіздің балаңыз - жолаушы!
Күн тәртібінде:
- «Сіздің жолаушыңыз - бала!» (ДТІЖО А.Айтбаева)
- «Абайлаңыз, балалар!» акциясы (Меркі аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Ахмедов)
Тыңдалды:
Жиналысты мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Айтбаева «Сіздің жолаушыңыз - бала!» тақырыбында баяндамасын оқыды: -Балалар біздің келешегіміздің кепілі, дені сау ұрпақ Қазақстанның қарыштап қанат жаю жолында бүгінді ертеңге жалғаушы дәнекер. Осы жолда жас ұрпаққа саналы білім мен рухани тәрбие беріп қана қою аз, біз оларға төнетін өзге де қауіптің алдын алуымыз шарт. Жолда болатын апаттардан балалар жиі жарақаттанады және балалар мен жеткіншектер арасында абайсызда болатын өлім себебі жол-көлік оқиғасы болып табылады. Қайғылы оқиғалар автокөлік жүргізушінің, не болмаса жаяу жүргіншінің жол қозғалыс ережесін білмеуінен туындайды. Осы жағдайдың алдын алып, балалардың көліктік травматизмінің алдын алу үшін өте мұқият болу керек.
Екінші мәселе бойынша Меркі аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Ахмедов сөз алды: -Күннің ең қауіпті уақыты – таңертеңгі және түстен кейінгі кез. Жол қозғалысы оқиғаларынан ең көп зардап шегушілер 7-ден 14 жас аралығындағы балалар екені алаңдатуда. Балалардың қатысуымен болатын жол қозғалысы оқиғаларының ең негізгі себептері: жолды белгіленбеген жерден жақын жүріп келе жатқан көліктің алдынан қиып өту,жол қиылыстарында ойнау, тоқтап тұрған автокөліктің алды-артынан өту, велосипед мініп, жол қозғалысы ережелерін бұзғандықтан және жол қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандықтан туындайды. Балаларды жол-көлік қозғалысынан жарақат алудың алдын алу мақсатымен, сонымен қатар жолдар мен көшелерде қауіпсіз мінез-құлыққа байланысты дағдыларды бекіту, тұрғылықты жері мен оқу орындарында көлік ортасына балалар мен жасөспірімдерді бейімдеу үшін жаңа оқу жылының алғашқы күндерінен бастап «Абайлаңыз, балалар!» атты жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шара мақсаты – қоғамның назарын аудару, көлік жүргізушісінің қауіпсіздік белдігін тағуы және автокөлік салонында балаларды тасымалдау барысында балаларды ұстап тұратын құрылғының болуы, сонымен қатар балалар мен ересектердің көлік қозғалысына баса назар аударуын қалыптастыру. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, жыл сайын жаңа оқу жылы басталған тұста «Абайлаңыз, балалар!» атты акция өткізілуде.Балаларымыз аман болсын!
Жарыссөзде 3 сынып ата-анасы С.Жумагулова сөйледі:
- «Жылысбаев» көшесіне өтетін тұста көліктер өте қатты жылдамдықпен жүреді, сол қиылысқа бағдаршам орнатса болмай ма?
Меркі аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Ахмедов:
- Оқушылар өтетін арнайы бағдаршам, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар қарастырылып, «Омарходжаев» көше қиылысына бағдаршам қойылды, сондықтан ол жерге тек қана жолға жолақтар сызылады
Жиналыс қаулы етеді:
- Қауіпсіздік ережелерін ата-аналар балаларына үнемі сынып жетекшісімен қатар түсіндіріп отырсын.